Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау

«Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсандағы № 1787-ХІІ Заңына сәйкес залалданған аумақтар әсерлi эквиваленттi мөлшерiнiң шамасына қарай:

- төтенше радиациялық қауiптi аймақ (Абай ауданы, Сарыжал ауылдық округінің, Бесқарағай ауданы, Долон ауылдық округінің, таратылған Жаңасемей ауданының Сарыапан және Иса елдi мекендерiнiң аумақтары жатады);

- ең жоғары радиациялық қауiптi аймақ (Абай, Бесқарағай және таратылған Жаңасемей аудандарының, Семей қаласы Ақбұлақ, Абыралы, Алғабас, Айнабұлақ, Қараөлең және Таңат ауылдық округтерінің, Павлодар облысы Май ауданы Ақжар және Малдар ауылдық округтерінің елдi мекендерi жатады);

- жоғары радиациялық қауiптi аймақ (Бородулиха, Жарма, Аягөз, Глубокое, Шемонайха, Ұлан аудандарының елдi мекендерi, Семей, Курчатов, Өскемен және Риддер қалалары; таратылған Қазыбек би ауданының аумағы шегінде Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы, Павлодар облысының Май ауданы жатады);

- ең төмен радиациялық қауiптi аймақ (Yржар, таратылған Таскескен, Көкпектi, Ақсуат, Зырян, Зайсан және Тарбағатай аудандарының; Қарағанды облысының таратылған Қазыбек би ауданының аумағын қоспағанда, Қарқаралы ауданының; Павлодар облысының Лебяжi ауданының елдi мекендерi жатады);

- жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi бар аумақ деп бөлiнедi (Павлодар облысының Баянауыл ауданы жатады).

Ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарға мыналар жатады:

әуеде және жер үстiнде ядролық жарылыстар жасаған кезеңде (1949-1965 жж.) радиоактивтi заттармен ластануға ұшыраған аумақтарда тұрған, жұмыс iстеген немесе әскери қызмет (соның iшiнде мерзiмдi) атқарған азаматтар;

1966 жылдан 1990 жылғы 1 қаңтарға дейiнгi аралықта жерасты ядролық жарылыстарын жасау кезеңiнде осы аумақтарда тұрған, жұмыс iстеген немесе әскери қызмет (соның iшiнде мерзiмдi) атқарған азаматтар;

1949 жылдан 1990 жылға дейiнгi аралықта жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi бар аумақта тұрған, жұмыс iстеген немесе әскери қызмет (соның iшiнде мерзiмдi) атқарған азаматтар;

осы баптың екiншi және үшінші абзацтарында аталған, мүгедек деп танылған аурулары бар адамдардың балалары, олардың денсаулық жағдайы мен Заңда аталған аймақтарда ата-аналарының бiрiнiң болу факторы арасындағы себепті байланыстар анықталған ретте.

Ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен адамдарға куәлiк берiледi, ол Заңда көзделген жеңiлдiктер мен өтемдерге құқықты растайтын құжаттар болып табылады.
      Ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды тiркеу және оларға куәлiктер беру Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылды.

«Семей ядролық сынақ полигонында ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды тіркеу, біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы төлеу, куәлік беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі № 279 бұйрығымен тіркелді) мемлекеттік қызметті қалаларының, аудандардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері және  «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы көрсетіледі.

 Көрсетілетін қызметті алу үшін өтінішті және мынадай құжаттарды ұсынады:

 1) жеке басты куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін қажет);

 2) тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат;

 3) банк шоты туралы мәліметтер немесе өтемақы беру жөніндегі уәкілетті ұйыммен жасалған шарт;

 4) 1949 жылдан бастап 1965 жылды қоса алғандағы, 1966 жылдан бастап 1990 жылды қоса алғандағы кезеңдерде Семей ядролық сынақ полигоны аумағында тұру фактісі мен кезеңін растайтын құжаттарды (мұрағат анықтамалары, ауылдық, кенттік Халық депутаттары кеңестерінің, тұрғын үйді пайдалану басқармаларының, үй басқармаларының, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімдерінің, пәтер иелері кооперативтерінің анықтамаларын; еңбек кітапшасын; оқу орнын бітіргені туралы дипломды; әскери билетті; туу туралы куәлікті, орта білім туралы аттестатты, негізгі мектепті бітіргені туралы куәлікті), болған кезде – "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен бұрын берілген куәлік.

Егер осы тармақтың 4) тармақшасында көрсетілген құжаттар сақталмаса, онда ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аумақтарда тұрудың заңды фактілерін және кезеңін белгілеу туралы соттың шешімі ұсынылады.

 

 

 



Сіз кім болып жумыс істейсіз?