«Мәңгілік ел қырандары» атты қалалық көркемөнерпаздар байқауы


2017 жылдың 13 сәуірінде «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-нің ұжымы Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл және қазақтың ұлы жазушысы М.О.Әуезовтың туғанына 120 жыл толуы аясында ұйымдастырып отырған «Мәңгілік ел қырандары» атты қалалық  көркемөнерпаздар байқауына қатысты.

Жастарға отансүйгіштіктікті, бейбітшілікті насихаттау, өнер түрлерін дамыту және ұжымның көркемдік шығармашылығын арттыру мақсатында байқауда қызметкелермен бірге қызмет алушылар мен олардың ата-аналары да қатысты. Орталық әкімшілігінің басшылығымен концерттің бағдарламасы құрастырылды. Орталықтың музыкалық жетекшісі - Каранова Таншолпан Бейсембаевна байқауға қатысатын адамдарды іріктеп, әртүрлі жанрда нөмерлер дайындады. 

Концерт М.О.Әуезовтың «Жетім» шығармасының үзіндісінің көрінісінен басталды, Каранова Т.Б. ойнаған драмалы қойылым көрермендердің жүрегін баурап алды. Орталық қызмет алушыларының,  ата-аналар мен қызметкерлердің орындауында патриоттық және эстрадалық әндер шырқалды. Әлеуметтік қызметкер – Д.Х.Сулейменованың жетекшілігімен орындалған «Наз көктем» биі көктемгі құстардың биін еске түсірсе, әлеуметтік қызметкерлердің дайындаған «Алаштың асыл арманы» атты әдеби композициясы Алаш азаматтарының жастарға үндеуімен ұштасты.

Концерт соңында әділқазы мүшелері Орталық ұжымының дайындығын жоғары деңгейде бағалады, өнерлерімен ерекшеленген қатысушыларды дипломмен марапаттады.