Бие байлап, қымыз ашытқан фермер

 

 

     Үмітқан Исаханованың білімі орта болса да, қол қусырып бос отырғанды жаны сүймейді. Осыдан біраз уақыт бұрын алыс-жақын шетелдерден киім-кешектер әкеліп, онысын тұрғындарға қолжетімді бағада саудалап, әртүрлі сауда-саттықпен айналысқан еді. Сөйтіп, отбасына кіріс кіргізіп, отағасына едәуір көмекші болады. Бірақ үш жыл бұрын аяқ астынан денсаулығы сыр беріп, дәрігерлер жұмысқа жарамсызсың деп, үшінші топ мүгедектігін береді. Құр дәрімен емделгеннен гөрі денсаулығын сауықтыру үшін Үмітқанға дәрігерлер қымыз, сау­мал ішіңіз деп кеңес береді. Мемлекеттің жұмысқа жа­рам­сыздығына берілетін жәрдем­ақысы денсаулығын түзеуге, күнкөріс жасауына жеткіліксіз екенін байқаған ол бос отыруды жөн көрмей, өзіне бір кәсіппен айналысу қажет деп шешеді. Байқап қарасаңыз, еңбек етемін деген адамға ешқандай да сылтау керек емес екен. Ойлана келе отағасымен және балаларыммен ақылдасып, бие ұстап, қымыз өндіруді жоспарлайды. Кез келген істі бастау үшін қаражаттың қажеттігі айтпасада түсінікті еді. Осы жағдайда «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы пайдасын тигізді деп еске алады Үмітқан. Өткен жылдың наурыз айында Семей қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығына өтініш пен бизнес жоспарын ұсынып, тамыз айында бір миллион жеті жүз мың теңге шағын несие алады. Үмітқан апайдың үйінде болып, бал татыған қымызынан бүгінде талайлар дәм татқан. Шаруасы бұл күндері дөңгелеп, табысты кәсіпкерге айналған. Айтуынша, алғаш рет берілген қаражатқа үш құлынды бие, бір байтал сатып алып, қымыз өндіруді бастайды. Сауылған сүтті саумал түрінде де, ашыған қымыз күйінде де өзі пайдаланып, артылғанын қажет еткен тұрғындарға қолжетімді бағамен сатумен айналысуда. Осы арқылы тұрғындарға жұмыс орнын да ашып отыр. Қымыз қасиетті сусын болғандықтан аса тазалықты, ашыту технологиясын жіті сақтауды, ыдыстың сапалы болуын және уақытында ыстап отыруды қажет етеді. Міне, осы талаптар орындалғандықтан да, оның ашытқан қымызына сұраныс көптеп түсе бастайды. Бие сауу да оңай кәсіп емес. Кірген кірісін жемшөпке, малға қарайтын көмекші адамның еңбегіне және несиені дер кезінде жабуға жұмсап отыр. Ендігі мақсаты сауылатын биелердің санын онға жеткізіп, қосымша жұмыс орындарын ашып, тұрғындар сұраныстарын толығымен қамтамасыз етсем дейді несие алушы. Жұмыспен қамту орталы­ғының маманы Мәуліт Қилыбаев­тың айтуынша, Елбасымыз биылғы Жолдауында мүмкіндігі шектеулі адамдарға көбірек көңіл бөлу керек, олар үшін Қа­зақстан кедергісіз аймаққа айна­луы тиіс деп тапсырды дейді. Яғни мүмкіндігі шектеулі адамдар тұрмыстық қызмет көрсе­туде, тағам өндіруде, ауыл шаруашылығында жұмыс іс­тей алады делінген. Олай болса Исаханованың айналысып отырған кәсібі осының дәле­лі ретінде басқаларға үлгі болар­лықтай іс екені даусыз.

 



Сіз кім болып жумыс істейсіз?