Шығыс Қазақстанда 7,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды

 

 

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының тиімді екенін көрдік. Алайда, соңғы кезде қаржылық дағдарысқа орай жұмыс орындары қысқартылады деп көп естиміз. Өңірімізде жұмыс орындарын құру жұмыстары жалғаса ма?

 

 

   Бұл сауалдың жауабын Шығыс Қазақстан облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айжан САДЫҚОВА былай берді:

 

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдегенін айтқан болатын. Президент бұл бағдарламаны жалғастырып қана қоймай, әлемдік экономиканың жағдайын ескере отырып, бағдарламаны белсенді түрде жүзеге асыру керектігін де нақтылады. Сондай-ақ, әр өңірге халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін арнайы бағдарламалар дайын­дауды тапсырды. Сондықтан, ел экономикасын­дағы тұрақтылықты сақтау үшін жаңа жұмыс орындарын құру жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпорындар жетекшілерінің негізгі міндетіне айналды. Қазіргі жаһандық экономикалық жағдайды ескере отырып, қала және аудан әкімдіктері кәсіпорындармен жұмысшылардың еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету, өндірістік үдерістерді тұрақтандыру мәселелері бойынша өзара әріптестік туралы меморандумдар бекіту жұмыстарын жаңа деңгейге көтерді. Бүгінде Шығыс өңіріндегі жұмыс берушілермен 7,5 мыңнан астам меморандум қабылданды. Олардың ішінде «Қазцинк», «Үлбі металлургия зауыты», «Өскемен титан-магний комбинаты», «Өскемен арматура зауыты», «АЗИЯ авто», «Семей бройлер құс фабрикасы», «Семей цемент зауыты» сынды ірі кәсіпорындардың үлесі үлкен. Бұл жұмыстар Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевтың өңірге сапары кезінде де пысықталып, сол күні жүйеқұраушы ірі кәсіпорындардың жетекшілерімен екіжақты келісімдерге қол қойылды. Ағымдағы жылдың 12 науры­зын­дағы мәліметтерге сүйенсек, ірі және орта кәсіпорындармен жасасқан келісімшарттар бойынша 7508 меморандум бекітілгені белгілі болды. Оның ішінде ірі кәсіпорындар саны – 195 (100 пайыз қамтылған), орта – 1069 (100 пайыз) және шағын кәсіпорындар – 6244 (қамтылуы – 69,1 пайыз). Қала және аудан әкімдіктері жұмыс берушілердің ұсынған тізімі бойынша облыс көлемінде 14 кәсіпорынның қаржылық қиыншылыққа тап болып, 300 адамды жұмыстан босатуы мүмкін екенін жеткізген болатын. Оларды басқа жұмыстарға орналас­тыру үшін алдын ала қабылданған меморандумдардың тиімділігі зор. 2015 жылы облыста мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы экономиканың түрлі саласында тағы 15 мың жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Қазіргі кезде қалалар мен аудандарға кіре­беріс­те жұмыс орнын құру бойынша көр­сет­кіштер жазылған электронды таб­ло­лар орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл өңір тұрғындарының Елбасы тапсырмасының облыс көлемінде, жергілікті жерде қалай жүзеге асырылып жатқанынан хабардар етіп тұрады. Меморандумдарға қол қою бойынша күнделікті мониторинг жүргізіп отырмыз. Бұл мәліметтер еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне ұсынылады. Аталған бағыттағы жұмыстар жалғастырылу үстінде. Бұл жұмыс облыс әкімдігінің жіті қадағалауында. Бағдарламаны жалғастыру арқылы жаңа экономикалық жағдайда азаматтарды әлеуметтік қолдау мен шығысқазақстандықтардың өмір сапасын жақсартудың көптеген мәселелерін шешуге болады деп ойлаймын.



Сіз кім болып жумыс істейсіз?