Шығысты шырайландырған түркістандықтар

Қимылдаған қыр асар! Дәл осы сөз бізді алға жетелеп, Түркістан облысынан асу-асу бел асып жолымыз Шығыс Қазақстанның Зырян ауданына келіп түсті.

Өр Алтай тауының етегіндегі кенді аймақтың халқы ашық-жарқын көңілмен қарсы алды. Зырянның табиғаты қандай сұлу болса, тұрғындарының да пейілі кең, жүрегі ақ екен. Қасиетті Түркістаннан барған біздерді көргенде, жүздерінде бал-бұл жанған қуанышты байқадық.

Солардың қатарында осы аймаққа қоныс аударған жерлестеріміз де бар. Шымкент қаласынан көшкен Гүлжамал Пернебаева жеке кәсібін жургізіп отырған қазақтың қаракөз қарлығашы. Жерлесіміз салт-дәстүрді он бойына сіңіріп қана қоймай, Зырян ауданына терең насихаттап жүр. Өміпге деген көзі ашық бизнесмен «Кочевник» кафесі мен қонақ үй ғимаратын жалға алып,іскерлігін көрсетуде.

Жұмысты жыл басынан бастауды жақсылыққа жорып, 2018 жылдың қантар айында келген Гүлжамал атына заты сай тірлік жасап жатыр. Қайсар мінезі, көне сөздерді жатқа айтқан қағілез қасиеті бізді таңырқатты. Аспаздық кәсіптің қыр-сырын жастайынан меңгерген Гүлжамал Пернебаева бір ұл, бір қызды тәрбиелеп отырған аяулы ана.

Жерлестерін көргеніне шексіз қуанып, он саусағынан бал тамған қолынан дәм ұсынды. Төлеби ауданында тұрып жатқан ата-анасына дұғай-дұғай сәлем жолдап, қимастық сезіммен қол бұлғап қалды.

Зырян ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарова, ішкі саясат бөлімінің басшысы Еркежан Алтығажиқызы, жұмыспен қамту орталығының директоры Берікжан Бауыржанұлы, жұмыспен қамту бөлімінің жетекшісі Татьяна Шидыч. Аталған осы әкімдік аппаратының қызметкерлері жерлестермен жүздесуге жәрдемдесіп,рухани қолдау көрсетті. Қоныс аударғандарға қолдарынан келген жағдайды жасап отыр екен.

Мәселен, Абылайхан Әлмаханов білім саласында еңбек етіп жүрген білікті маман. Шардара ауданының тумасы Зырян қаласындағы №9 орта мектепте тәрбие ісінің меңгерушісі. Аймақтағы жалғыз қазақ мектебінде 497 оқушы білім алып жатыр. Сол ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосып отырған Түркістандық азамат Семей қаласында қолына диплом алып, Зырянда қызмет жолын жандандыруда.

Осындағы жастар мәслихатының депутаты болып та үлгерген 25 жасар жерлес Зырянда өсіп-өнуді көздеп отыр. Арманы отбасын кұрып, халқы аз ауданның демократиясын көтеру. Осындай мақсаттарымен бөліскен Абылайхан Әлмахановпен естелікке суретке түстік.

70 мың халқы бар Зырян ауданының орталығында жүріп, Кеңес дәуіріндегі кезеңдер көз алдымыздан сырғыды.  Баяғы ғимараттар сол қалпында сақталып тұр. Тек әлеуметтік нысандар ғана енді жаңарып жатыр екен. Оның бірі 2012 жылы салынған «Қарлығаш» балабақшасы. 288 бүлдіршінге арналған мекемеде Түлкібас ауданының тумасы Гүлнара Нуруллаева тәрбие ісімен айналысуда.

Екінші Швейцарияға теңелген аймақтан өр Алтай тауының етегіндегі кенді шаһарға келуінде өзіндік себебі бар. Өйткені Түркістан өңірінде жұмысқа орналасуда жолы болмаған. Сондықтан «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы арқылы Түлкібастан Зырянға көшкен. Ағымдағы жылдан бастап жергілікті өлкенің балақайларына тәрбие беріп, сүйікті мамандығын ары қарай жалғастыруда мақсат етіпті. Жерлесіміз аңқылдаған ақ көңілді мінезімен небәрі бір айдың ішінде Зыряндықтарға бауыр басып, ортасына сіңісіп кеткен. Түркістан облысынан ағайынның сәлемдемесін жеткізіп, алдағы ісіне сәттілік тілеп сапарымызды жалғастырдық.

Жалпы Зырян ауданының қазіргі шекарасы 1941 жылықұрылған. Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдан үшін қажетті қорғасын, мыс өнімдерін өндірген. Тарихы тамыр жайған өлкенің сұлу табиғаты бізді баурап, ашық-жарқын мінезі бар тұрғындары көз алдымызда сақталып қалды. Қазақстанды шексіз сүйетін патриоттармен қимай қоштасып, Феклистовка ауылына қарай жол тарттық.

Зырян қаласынан 140 шақырым жол жүріп, қршаған тау ішіндегі Феклистовкаға да келіп жеттік. 380 тұрғыны бар шағын ауылда күн сайын халықтың саны азаюда. Әлеуметтік нысандарда босаған жұмыс орындары жетіп артылады. Өзекті өртеген осы мәселе бір ауыл ғана емес, ел болып ойланатын қасіретке айналып отыр. Білім ошағының өзінде саусақпен санарлық оқушылар оқып жатыр. Сіз және біз болып ойланатын жайтқа бей-жай қарай алмаған Зырян ауданына қарасты Северный ауылдық округінің әкімі Қайратбек Шингискенов қоныстанушыларды осында тартқан азамматтың бірі. Еліміздің Оңтүстік аймақтарына арнайы барып, ұлан байтақ жерімізді, ауылдарды сақтауға үлес қосуға шақырған. Елбасының ішкі көші-қон саясатын қолдаған Талғат Қонырбаев Отырар ауданындағы Ақтөбе бөлімшесінен отбасымен бірге Зыряндағы Феклистовка ауылына көшкен. Мал дәрігері болып жұмысқа тұрып, еңбек етуде.

Жұбайы Бибігүл Ерназарова да ауыл әкімшілігінде еден жуушы болып нәпақасын тауып жүр. Үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған жанұя баспана алып, мемлекет тарапынан берілген көтерме ақыға мал шаруашылығын игере бастапты. Феклистовка ауылындағы мектепке барып, жаңадан дос тапқан Досымжан Богенбай бұғанасы қаптаған бала болса да, өңірдің проблемасын айтты. Бір сынапта 4 бала оқимыз деп, көңілі жабырқаған Досымжан жас та болса ақыл-ойының терең екенін аңғартты.

Жоғарғыда баяндаған кейіпкерлеріміздің барлығы-бүгінгі күннің батырлары. Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, ХХI ғасырдың жырға қосатын ел қаһармандары міне, осылар!     

 



Сіз кім болып жумыс істейсіз?