Тұлпартерапия тобы Мәскеуден жүлделі оралды.

 

Алты жыл бұрын Шығыс өңірінде басталған иппотерапиялық емдеу шаралары бүгінде оң нәтижелерге қол жеткізе бастады. Бабаларымызға сыры мәлім жылқы терапиясы жөнінде былтыр егжей-тегжейлі жазған болатынбыз  («ЕҚ», 12 наурыз, 2014 жыл). Таяуда өскемендік өрендер Ресей астанасында өткен Д.Хоппери атындағы кубок үшін болған турнирден олжалы оралды. Осы орайда Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов ат спорты бойынша өткен турнирдің қатысушыларымен кездесіп, жарымжан жасөспірімдерді жеңісімен құттықтады.

 

 

Мәскеу қаласында мүгедектер спорты онкүндігі шеңберінде өткен жарысқа Ресей мен Қа­зақ­станнан барлығы 15 команда­ қатысқан екен. Өскемендегі «Ақ­тай» мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігінің командасы еліміздің намысын қорғады. Бес спортшыдан құралған құрама сапындағы мүмкіндігі шектеулі балалар үздіксіз жаттығу нәтижесінде ат құлағында ойнайтын дәрежеге жетіпті. Мәселен, аталған турнирде Айғаным Ермекова «Па­ралимпиалық жүріс» тәр­тібіндегі паралимпиялық бағдарламада, Диас Ескермесов, Дарья Ива­нова, Әйгерім Құмарбекова, Фаик Насибов «Жүріс» және «Соқпақ» тәртібіндегі арнайы олимпиадалық бағдарламаларда өз өнерлерін паш етті.

 

Балалар аталған жарысқа ал­ғаш рет ата-аналарынсыз, тек ко­манда жетекшісі мен жат­тық­тырушыларының бас­тауымен барды. Мәскеудегі «Планерная» олимпиялық оқу-спорттық орталығында өткен жарыста қазақстандық балалар 15-20 жылдық өтілі бар кәнігі спортшылармен бәсекеге түсіп, аз жылда айтарлықтай тәжірибе жинақтағандықтарын байқатты.

 

Темірбек Жұмақұлұлы Мәскеуде өскемендік өрендердің жоғары деңгейде өнер көрсеткенін жеткізді. Мәселен, Диас өз дивизионында үздік нәтиже көрсетіп, 1-орынды жеңіп алды. 1999 жылы туған Д.Ескермесов туабітті гидроцефалиямен ауырады. 2011 жылдан бері «Үлбі» орталығында ем алып келеді. Ата-анасы Диастың шығармашылық қабілетін шыңдауға көп көңіл бөледі. Ол фортепиано сабағына қатысып, вокалмен шұғылданады. Әсіресе, «Алға, қазақ жігіттері!», «Қазақстан» сынды отаншылдық рухтағы әндерді айтқанды ұнатады. 2013 жылы иппотерапиямен айналыса бастаған ол былтыр ат спортына бейімделу тобына қосылды.

 

Жалпы, шығысқазақстандық команда қоржынында 1 алтын, 5 күміс және 2 қола медаль бар.

 

Жерлестерімізді жеңіске жетелеген жайттың бірі – бірнеше жыл бұрын облыс басшылығының қолдауымен бой көтерген «Ақтай» жабық манежі мен иппотерапия орталығында жүргізілген сапалы дайындық деуге болады. Мүмкіндігі шектеулі балаларды атқа отырғызу арқылы емдейтін кешендегі кешенді шаралардың нәтижесі өткен жылы да көрінген. Өскеменде былтыр тамыз айында мүмкіндігі шектеулі жандарды ат спортына бейімдеуден халықаралық жарыс өтіп, оған Қазақстаннан – 14, Ресейден 18 спортшы қатысқан болатын.

 

2013 жылдан бері иппотерапия орталығы бюджеттік негізде қаржыландырылып келеді. Осы арқылы 112 мүмкіндігі шек­теулі бала атқа мініп, иппо­те­рапиялық ем-дом алуда. Атал­ған жұмыстарға жүргізілген са­раптамалардың нәтижесі бойынша, иппотерапияның науқастарға физикалық тұрғыдан қимыл-қозғалысын жақсартуға, сондай-ақ, көңіл-күйін көтеруге ерекше ықпал ететіні байқалған.

 



Сіз кім болып жумыс істейсіз?